Туған жер - тұңған тарих
11.12.2018 күні №5 Хромтау –гимназиясының директоры, тарихшы Биржанов Р.А., Аудандық кітапхана басшысы, тарихшы Жетесов Н., №5 Хромтау гимназиясының география пәнінің мұғалімі Жакуда Г.Н., биология пәнінің мұғалімі А.Ж. Ниязовадан және аудан әкімінің баспасөз қызметкері Ж.С.Қалмұратовтан құралған «өлкетанушылар» тобы аудан орталығынан солтүстік-шығыс бағытта, 25 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылсу ауылына қарасты Қараағаш жеріне экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия мақсаты Қараағаш аумағының табиғаты, географиялық ерекшеліктері мен флора және фауна өкілдерін терең зерттеу. Экскурсия барысында зерттеуші топ Қараағаш аймағында өсіп тұрған ағаштардың Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қайың тұқымдас «жабысқақ Қандыағаш» (черная ольха) екендігі анықталды. Жабысқақ қандыағаш (Alnus glutіnosa) — қайыңдар тұқымдасы қандыағаш туысына жататын бір үйлі ағаш. Негізгі өсу ареалы Еуропа аймағы. Қазақстанда Жайық, Елек, Тобыл өзендері бойында, Құсмұрын к-нің жағасында, Ерейментау, Қарқаралы, Баянауыл таулы аймағында өседі. Осы кезге дейін Ақтөбе облысының тек Мәртөк ауданы аймағында таралған деп келінді. Жабысқақ қандыағаш — дәрілік өсімдік. Оның қабығында илік заттар (5 — 9%), бүршігінде алкалоид (14 — 16%), жапырағында салицил, спирт және түрлі органикалық қышқылдар болады. Жабысқақ қандыағаштан алынған тұнба медицинада тоқ ішек қабынғанда, құяңға, суық тигенде қолданылады. Оның қабығынан түрлі түсті бояу алынады. Жабысқақ қандыағаштың сүрегі жеңіл, қызыл түсті, одан үй жиhаздары, ыдыс жасалады, құрылыстарда пайдаланылады. Жабысқақ қандыағаш, өте сирек кездесетін реликті өсімдік, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.